Амал мерекесі құтты болсын!
Қадірлі жерлестер! 14 наурыз батыс өңірі үшін ерекше мейрам, себебі бұл күні халық бір-бірімен көріседі. Таңның атысымен дастархан жайылып, әрбір отбасындағы жасы кішілер үлкендермен көрісіп, баталарын алады, тілек тілеседі. Бұл күні жұрт шат-шадыман, көтеріңкі көңіл күйде болуға тырысады. Ұлттық киімдер киіп, өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады.
Бұл күн жер жүзі көгеріп, көктеп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып жаңаратын шақ, мол ырысқа кенелетін жайдарман шақ. Сайып келгенде, бұл мереке қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.
Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, ол сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүр іспетті.
Ықылым заманнан жеткен салт-дәстүріміз насихатталып, халықты тату тірлікке үндеген мейрамда ұлттық құндылықтар барынша дәріптеле бергей. Департамент ұжымының атынан баршаңызды ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті мереке елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!